Тілім менің — тарихым
There is no translation of this poem yet — the Kazakh original is shown.
Мейірімді бол, асып туған данышпан, Болашақты болжайтұғын алыстан. Тілің менен тарихыңды білмесең, Одан дағы өлмейсің бе намыстан?
Қазақ бүгін өзін-өзі таниды, Өтіп кеткен тарихына налиды. Қазақ тілі өз елінде болмаса, Айтшы, азамат, қайсы елде дамиды?
Кейбіреулер байлығына мақтанар, Мақтанғанда жарылуға шақ қалар. Сол байғұстар «ана тілін» білмесе, Қазақ тілін «өлі тіл» деп ақталар.
Асыл тілім, сан ғасырлар сақталдың, Күллі қазақ санасында жатталдың. Сан ғасырлар сақтап келген тарихым, Жетпіс жылда аяқтарға тапталдың.
Атты таңың, оян, қазақ, жасынба, Тілімізді көтерейік аспанға. Ата-баба мол мұрасын аялап, Жеткізейік келесі ұрпақ жастарға.
Алам десең өз ұлтыңның теңдігін, Болашағың үшін күрес сен бүгін. Ей, жігіттер, үлгі тұтып жүрейік Қабанбай мен Бөгенбайдың ерлігін.
Қайран қазақ тартқан тағдыр азабын, Әр әніңде бой көрсетер азалы үн. Бұқар жырау, Абай ақын жырларын Төбемізге көтерейік, қазағым!